Қазақстанда 2024 жылы қант қызылшасының рекордтық өнімі – 1,2 млн тонна жиналды. Алайда отандық зауыттар оның тек 700 мың тоннасын ғана қайта өңдей алды. Сенатор Закиржан Құзиевтің мәліметінше, фермерлер қымбат техника мен заманауи технологияларға миллиондаған теңге салғанымен, енді қаржылық қиындыққа тап болып отыр.
2022 жылы үкімет 2026 жылға дейінгі қант саласын дамыту жоспарын бекіткен болатын. Құжатта егіс алқаптарын 11 мыңнан 38 мың гектарға дейін кеңейту, өнім көлемін 1,8-2 млн тоннаға дейін арттыру, отандық шикізаттан қант өндіру үлесін 43%-ға жеткізу көзделген. 2024 жылы мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіліп, қызылша егетін алқаптар 17 мыңнан 25 мың гектарға дейін ұлғайды. Фермерлерге шикізатты өңдеуге өткізгені үшін берілетін субсидия 15 теңгеден 25 теңгеге, тасымалдау шығындарын жабуға арналған субсидия 25 теңгеден 45 теңгеге дейін көтерілді. Саланы қолдауға мемлекеттік резервтен 10 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, жергілікті бюджеттерден 11,5 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ екі қант зауытының айналым қаражатын толықтыру үшін 25 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бірақ зауыттардың қуаты артпады. Қазақстандағы төрт зауыттың үшеуі ғана қызылша өңдеумен айналысады, бұл бүкіл өнімді өңдеуге жеткіліксіз.
«Тараз қант зауытында 2023 жылы жаңғырту жұмыстары жүргізілуі керек еді. Егер бұл жоспар уақтылы орындалса, зауыт қосымша 600 мың тоннаға дейін қызылша өңдей алар еді. Бірақ жоба іске аспады. Тараз зауытының негізі 1937 жылы қаланған, ал еліміздегі басқа қант зауыттары да 1930 жылдары салынған. Қазіргі уақытта зауыттың жаңа иесі – Ресейдің «Доминант» компаниясы, оның меншігінде жеті қант зауыты бар. Алайда компания екі жыл ішінде зауытты жаңғыртуға қаражат салмады», – деді депутат.
Мемлекет зауыттарға тұрақты түрде қаржылай қолдау көрсетіп келеді. 2024 жылы СПК «Тараз» және СПК «Жетісу» арқылы 25,8 млрд теңге жеңілдетілген несие бөлінді. Бірақ бұл қаражат модернизацияға жұмсалмады. Сонымен қатар, Қазақстан 550 мың тонна қант тұтынғанымен, оның тек 163 мың тоннасын ғана өзі өндірді. Соған қарамастан, 2024 жылы елден 126 мың тонна қант экспортталған, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 7 есе көп.
Алайда 2025 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі қант қызылшасының егіс көлемін 25%-ға қысқартуды жоспарлап отыр. Мысалы, Жамбыл облысында алқаптар екі есе азайып, 12 мың гектардан 6 мың гектарға дейін қысқарады. Бұл фермерлердің қаржылық жағдайына ауыр соққы болмақ. Олар қант саласының дамуына сеніп, қымбат техника сатып алған, мамандар даярлаған, бірақ қазір қиын жағдайда қалды.
Сенатор Құзиев премьер-министрге қант саласын дамыту жоспарын қатаң бақылауға алуды сұрады. Депутаттар Жамбыл және Жетісу облыстарында қуаты 50-150 мың тонна болатын шағын зауыттар салуды, сондай-ақ қызылша егуді қысқартуға мәжбүр болған фермерлерге несие бойынша жеңілдікті кезең беруді ұсынды.
